Date of publication: 03.02.2021 11:40
Date of changing: 03.02.2021 11:42

2021 жылдың 29 қаңтарында Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының мүдделі мемлекеттік органдары арасында COVID-19 жағдайында Қазақстан-Қытай шекарасындағы өткізу пункттерінің жұмыс істеуі туралы келіссөздер жүргізілді.

 

Қазақстандық делегацияны Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы М.Сұлтанғазиев, қытайлық тарапты - ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы халық үкіметі Төрағасының бірінші орынбасары Чжан Чунлин басқарды. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Сыртқы істер, Денсаулық сақтау, Индустрия және инфрақұрылымды дамыту, Сауда және интеграция, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, «ҰҚ ҚТЖ» АҚ өкілдері, сондай-ақ ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының мүдделі мемлекеттік органдарының басшылары қатысты.

 

Келіссөздер барысында Тараптар

көліктік-коммуникациялық өзара байланысты және аймақаралық байланыстарды нығайтуға,

сауда-экономикалық ынтымақтастықтың сапасын арттыруға жәрдемдесуге бағытталған бұрын жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды ұстанатындықтарын растады.

Келіссөздер нәтижесінде Тараптар Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасының автомобиль және теміржол өткізу пункттерінде өткізу қабілетін арттыру, автокөлік құралдары мен жүктерге қатысты эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізу бойынша бірлескен шаралар қабылдау туралы уағдаласты.

Қытай тарапы қытайлық тараптағы өткізу пункттерінің жұмысын қалпына келтіру үшін өткізу пункттерінің эпидемияға қарсы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қосымша құрылыс жұмыстары жүргізілуі керек екенін атап өтті. Уақытша жабылған «Майқапшағай» - «Зимунай», «Қалжат» - «Дулаты» өткізу пункттерінің қызметін қалпына келтіру мерзімі 2021 жылдың бірінші жартысында анықталды.

Қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалуының аралық нәтижелерін шығару үшін келесі отырысты 2021 жылғы
8 ақпанда өткізу жоспарланған.