ЭКСПО бойынша есептілігі

«Астана ЭКСПО-2017» секциясының комиссары офисінің декларациясы (032.00 нысаны бойынша) Қазақстан Республикасының аумағында қызмет аяқталғаннан кейін Бірыңғай қызмет көрсету орталығына келу тәртібінде қағаз тасығышта, бірақ 2018 жылғы 31 наурыздан кешіктірмей ұсынылады.

Басқа да міндетті төлемдер

Алым төлеушілер аукциондар (аукцион) өткізілген есепті тоқсаннан кейінгі айдың 20-сынан кешіктірмей, өзі орналасқан жердегі салық органдарына алым жөніндегі декларацияны табыс етеді.

Аукцион ұйымдастырушылар тоқсан ішінде өткізілген аукциондар бойынша тоқсан сайын есепті тоқсаннан кейінгі айдың 15-інен кешіктірмей өзі орналасқан жердегі салық органдарына уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша алым төлеушілер мен салық салу объектілері туралы ақпаратты табыс етеді.

Дара кәсіпкерлер болып табылмайтын жеке тұлғаларды, сондай-ақ мүлiк салығы бойынша салық базасы осы Кодекстің 406-бабына сәйкес есептелетін салық салу объектілері орналасқан және (немесе) жеке тұрғын үй құрылысына бөлінген жер учаскелерi бойынша дара кәсiпкерлерді қоспағанда, төлемақы төлеушілер жер учаскелерінің орналасқан жері бойынша салық органдарына ағымдағы төлемдер сомаларының есеп-қисабын ұсынады.

Төлемақы төлеушілер ағымдағы төлемдер сомаларының есеп-қисабын есепті салық кезеңінің 20 ақпанынан кешіктірмей табыс етеді.

Салық кезеңі басталғаннан кейін өтемін төлеп уақытша жер пайдалану туралы шарт жасасқан тұлғалар ағымдағы төлемдер сомаларының есеп-қисабын шарт жасалған айдан кейінгі айдың 20-сынан кешіктірмей табыс етеді.

Бірінші салық кезеңінде ағымдағы төлемдер сомаларының есеп-қисабымен бірге жер қатынастары жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен немесе арнайы экономикалық аймақтың әкімшілігімен жасалған өтемін төлеп уақытша жер пайдалану туралы шарттың нотариат куәландырған көшірмесі табыс етіледі.

Одан кейінгі кезеңдерде шарттың нотариат куәландырған көшірмесі төлемақы сомалары немесе шарттың талаптары өзгерген кезде ғана табыс етіледі.

Уақытша жер пайдалану туралы шарттың қолданылу мерзімі аяқталған соң немесе салық кезеңі басталғаннан кейін жергілікті атқарушы орган немесе арнайы экономикалық аймақтың әкімшілігі оны бұзған кезде, ағымдағы төлемдер сомаларының есеп-қисабы шарттың қолданылу мерзімі аяқталған (бұзылған) күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмей табыс етіледі.

Төлемақы төлеушілер арнаулы су пайдалану орны бойынша салық органдарына декларация табыс етеді.

Төлемақы төлеушілер, осы баптың 3-тармағында аталғандарды қоспағанда, тоқсан сайын есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірмей декларация табыс етеді.

Шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер төлемақы жөніндегі декларацияны табыс етпейді.

Декларациялар салық органына табыс етілгенге дейін cу қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның өңірлік органында куәландырылады.

Ластанудың қозғалмалы көздерi бойынша декларацияны қоспағанда, төлемақы төлеушiлер ластану объектiсiнiң орналасқан жерi бойынша салық органдарына декларация тапсырады.

Ластанудың қозғалмалы көздерi бойынша декларация салық органдарына:

1) мемлекеттік тіркеуге жататын қозғалмалы көздер бойынша - мұндай тіркеуді жүргізу кезінде мемлекеттік уәкілетті орган айқындайтын қозғалмалы көздерді тіркеу орны бойынша;

2) мемлекеттік тіркеуге жатпайтын ластанудың қозғалмалы көздері бойынша - салық төлеушінің орналасқан орны бойынша тапсырылады.

Төлемақы төлеушілер декларацияны, осы баптың 3 және 5-тармақтарында аталғандарды қоспағанда, есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірмей табыс етеді.

Жылдық жиынтық көлемі 100 айлық есептік көрсеткішке дейінгі төлемдер көлемінде төлемақы төлеушілер декларацияны есепті салық кезеңінің 20 наурызынан кешіктірмей табыс етеді.

Рұқсат құжаты осы баптың 3-тармағында белгіленген мерзімнен кейін ресімделген жағдайда, аталған төлеушілер декларацияны рұқсат құжатын алған айдан кейінгі айдың 20-сынан кешіктірмей табыс етеді.

Ойын бизнесі салығы және тіркелген салығы

Тіркелген салықты есептеу, егер осы баптың 2-тармағында  өзгеше белгіленбесе, осы Кодекстің 421-бабында айқындалған әрбір салық салу объектісіне тиісті салық мөлшерлемесін қолдану арқылы жүргізіледі.

Салық салу объектілері айдың 15-iн қоса алғанға дейiн пайдалануға берілген кезде тіркелген салық  белгіленген мөлшерлеме бойынша, 15-інен кейін белгіленген мөлшерлеменің 1/2 мөлшерінде есептеледі.

Салық салу объектілері айдың  15-іне дейін шығып қалған кезде тіркелген салық белгіленген мөлшерлемесінің 1/2 мөлшерінде, 15-інен кейін белгіленген мөлшерлеме бойынша есептеледі.

Тіркелген салық есепті салық кезеңінен кейінгі екінші айдың 25-інен кешіктірілмей салық салу объектілерінің тіркелген орны бойынша бюджетке төленуге жатады.

Осы Кодекстің 420-бабында аталмаған кәсіпкерлік қызметтің өзге де түрлерін жүзеге асыру кезінде тіркелген салықты төлеушілер қызметтің осындай түрлері бойынша  кірістер мен шығыстардың бөлек есебін  жүргізуге және жалпыға бірдей белгіленген тәртіпте бюджетпен есеп айырысу жүргізуге міндетті.

Тіркелген салық бойынша декларация есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірілмей жекелеген қызмет түрлерiн жүзеге асыратын салық төлеушi ретiнде тiркеу есебiнiң орны бойынша салық органына табыс етіледі.

Жергілікті салық

Төлеушілер - заңды тұлғалар көлік құралдары салығы бойынша ағымдағы төлемдердің есеп-қисабын ағымдағы салық кезеңінің 5 шілдесінен кешіктірмей, сондай-ақ  декларацияны есепті жылдан кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірмей салық салу объектілерінің тіркелген жері бойынша салық органдарына табыс етеді.

Жеке тұлғалар үшiн бюджетке салық төлеу мерзiмi салық кезеңiнiң 31 желтоқсанынан кешiктiрiлмейтiн күн болып табылады.

Салықты төлеу салық салу объектiсiнiң тiркелген орны бойынша жүргiзiледi.

Көлiк құралдарын тiркеуден, қайта тiркеуден, мемлекеттік немесе міндетті техникалық байқаудан өткiзген жағдайда, жеке тұлғалар көрсетiлген әрекеттердi жасағанға дейiн осы Кодексте белгiленген тәртiппен салықты есептейдi және бюджетке төлеудi жүргiзедi.

Салық кезеңі ішінде жер салығы бойынша салық міндеттемелері өзгерген кезде, ағымдағы төлемдердің есеп-қисабы салық салу объектілері бойынша 1 ақпандағы, 1 мамырдағы, 1 тамыздағы және 1 қарашадағы жағдай бойынша тиісінше ағымдағы салық кезеңінің 15 ақпанынан, 15 мамырынан, 15 тамызынан және 15 қарашасынан кешіктірілмей табыс етіледі.

Жерді пайдаланушылар

Жер қойнауын пайдаланушы қол қойылатын бонус жөніндегі декларацияны орналасқан жері бойынша салық органына төлеу мерзімі басталған айдан кейінгі екінші айдың 15-не дейін табыс етеді.

Коммерциялық табу бонусы жөніндегі декларацияны жер қойнауын пайдаланушы орналасқан жері бойынша салық органына төлеу мерзімі басталған айдан кейінгі екінші айдың 15-не дейін табыс етеді.

Тарихи шығындарды өтеу бойынша төлем

Егер келісімшарт аумағын геологиялық зерттеуге және кен орындарын барлауға мемлекет шеккен тарихи шығындарды өтеу бойынша төлемнiң жалпы мөлшерi республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және құпиялылық туралы келісім жасалған күнi қолданыста болған айлық есептiк көрсеткiштiң 10000 еселенген мөлшерiне тең немесе одан кем соманы құраса, онда жер қойнауын пайдаланушы декларацияны орналасқан жерi бойынша салық органына жер қойнауын пайдаланушы пайдалы қазбаларды өндiруге кiрiскен жылдан кейiнгi жылдың 31 наурызынан кешiктiрмей табыс етедi.

2009 жылғы 1 қаңтарға дейiн жасалған, олар бойынша жер қойнауын пайдаланушы 2009 жылғы 1 қаңтарға дейiн пайдалы қазбаларды өндiруге кiрiскен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша, егер 2009 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша тарихи шығындардың бюджетке өтелмеген сомасы республикалық бюджет туралы заңда 2009 жылғы 1 қаңтарға белгiленген айлық есептiк көрсеткiштiң 10000 еселенген мөлшерiне тең немесе одан кем соманы құраса, онда жер қойнауын пайдаланушы декларацияны орналасқан жерi бойынша салық органына 2010 жылғы 31 наурыздан кешiктiрмей тапсырады.

Егер келісімшарт аумағын геологиялық зерттеуге және кен орындарын барлауға мемлекет шеккен тарихи шығындарды өтеу бойынша төлемнiң жалпы мөлшерi республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және құпиялылық туралы келісім жасалған күнi қолданыста болған айлық есептiк көрсеткiштiң 10000 еселенген мөлшерiнен асатын соманы құраса, онда жер қойнауын пайдаланушы декларацияны орналасқан жерi бойынша салық органына есептi тоқсаннан кейiнгi екiншi айдың 15-i күнiнен кешiктiрмей тоқсан сайын тапсырады.

2009 жылғы 1 қаңтарға дейiн жасалған, олар бойынша жер қойнауын пайдаланушы 2009 жылғы 1 қаңтарға дейiн пайдалы қазбаларды өндiруге кiрiскен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша, егер 2009 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша тарихи шығындардың бюджетке өтелмеген сомасы 2009 жылғы 1 қаңтарға республикалық бюджет туралы заңда белгiленген айлық есептiк көрсеткiштiң 10000 еселенген мөлшерiнен асатын соманы құраса, онда жер қойнауын пайдаланушы декларацияны орналасқан жерi бойынша салық органына есептi тоқсаннан кейiнгi екiншi айдың 15-i күнiнен кешiктiрмей тоқсан сайын тапсырады.

Акциздер

Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, акцизделетін тауарларға акциз есепті салық кезеңінен кейінгі айдың 20-нан кешіктірілмей бюджетке аударылуға жатады.

Алыс-берістік шикізат пен материалдардан өндірілген акцизделетін тауарлар бойынша акциз өнімді тапсырыс берушіге немесе тапсырыс беруші көрсеткен тұлғаға берілген күні төленеді.

Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген шикі мұнайды, газ конденсатын өнеркәсіптік қайта өңдеуге беру кезінде акциз олар берілген күні төленеді.

Шарап материалын және сыраны қоспағанда, осы Кодекстің 279-бабының 2) тармақшасында белгіленген акцизделетін тауарларға акциз есепке алу-бақылау маркаларын алғанға дейін төленеді.

Салық органдарының тиісті белгіні қою жолымен тауарларды әкелу және жанама салықтардың төленгені туралы өтініште Кеден одағына мүше мемлекеттердің аумағынан импортталған акцизделетін тауарлар бойынша акциздің төлену фактісін растауы не растаудан дәлелді бас тартуы Қазақстан Республикасының Үкіметі көздеген тәртіппен жүзеге асырылады.

Жеке табыс салығы және әлеуметтік салығы

Қазақстан Республикасының азаматтары бойынша жеке табыс салығы және әлеуметтік салық бойынша осы Кодекстің 67-бабының 2-тармағында көзделген декларация есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15 күнінен кешіктірілмей, салық төленетін жердегі салық органдарына табыс етіледі.

Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар бойынша жеке табыс салығы мен әлеуметтік салық бойынша декларацияны салық агенті салық төлеу орны бойынша салық органдарына есепті салық кезеңдері кіретін тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірмей табыс етеді.

Шаруа немесе фермер қожалықтары үшін және оңайлатылған декларация негізінде шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимдерін қолданатын салық агенттері осы режимдер қолданылатын қызмет бойынша жеке табыс салығы және әлеуметтік салық бойынша декларация табыс етпейді.

Құрылымдық бөлiмшелерi бар салық агенттерi бөлiмшенiң орналасқан жеріндегі салық органына жеке табыс салығы және әлеуметтiк салық жөніндегі декларацияға құрылымдық бөлiмше бойынша жеке табыс салығының және әлеуметтiк салықтың сомасын есептеу жөніндегі қосымшаны табыс етедi.

Корпоративтік табыс салығы

Қазақстан Республикасындағы көздерден тек қана төлем көзінен салық салуға жататын табыстар алатын және Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырмайтын бейрезидентті қоспағанда, корпоративтік табыс салығын төлеуші, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны орналасқан жеріндегі салық органына есептік салық кезеңінен кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірмей табыс етеді.

Корпоративтік табыс салығы бойынша декларация салық салу объектілері және (немесе) салық салумен байланысты объектілер туралы ақпаратты ашып көрсету жөніндегі декларациядан және оған қосымшалардан тұрады.

Оңайлатылған декларацияның негізінде шағын бизнес субъектілеріне арналған арнаулы салық режимін қолданатын заңды тұлға осы Кодекстің 427-бабының 3 және 4-тармақтарына сәйкес салық салынатын табыстар бойынша корпоративтік табыс салығы жөніндегі декларацияны табыс етпейді.

Арнайы салық режимі

Патент негізінде арнаулы салық режімін қолдану үшін орналасқан жері бойынша салық органына патент құнының есеп-қисабын (осы тараудың мақсатында бұдан әрі - есеп-қисап) ұсынады.

Оңайлатылған декларация салық төлеушінің орналасқан жері бойынша салық органына есепті салық кезеңінен кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірілмей табыс етіледі.

Бірыңғай жер салығын төлеушілерге арналған декларация жер учаскесінің орналасқан жері бойынша салық органына есепті салық кезеңінен кейінгі салық кезеңінің 31 наурызынан кешіктірілмей табыс етіледі.