Date of publication: 09.12.2020 19:27
Date of changing: 09.12.2020 19:28

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІНІҢ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІ

БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ

Сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларды санаттау туралы

 

Өздеріңіз білетіндей, кедендік бақылау нысандарын саралап қолдану мақсатында кеден органдары субъект-бағдарланған тәсілді қолданады, атап айтқанда, СЭҚ қатысушылары тәуекелдің төмен, орта және жоғары деңгейі санаттарына жатқызылады.

СЭҚ-қа қатысушыларды санаттарға бөлу нәтижелері тәуекелдерді одан әрі бейіндеу кезінде пайдаланылады, яғни басқаша айтқанда, кедендік бақылау шараларының тағайындалуы және оны жүргізу көлемдері СЭҚ-қа қатысушының санатына байланысты болады.

Кеден заңнамасына, сондай-ақ Дүниежүзілік кеден ұйымының жалпы әлемдік практикасы мен ұсынымдарына сәйкес санаттауда пайдаланылатын тәртіп туралы мәліметтер, өлшемдер құпия ақпарат болып табылады және қызмет бабында пайдалану мақсаттары үшін ғана пайдаланылады.

Сонымен қатар, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да санаттау критерийлерімен танысқан болатын.

Қазіргі уақытта кедендік заңнамаға СЭҚ қатысушыларын санаттау кезінде пайдаланылатын өлшемдердің бір бөлігін бизнес үшін ашуға мүмкіндік беретін өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде.

Бұл ретте мынаны атап өткен жөн.

Санаттау тоқсан сайынғы негізде автоматтандырылған есептеу жолымен жүзеге асырылады. 

Бұдан бұрын СЭҚ қатысушыларын санаттауды есептеуді жүзеге асыру кезінде критерийлердің үлес-салмағы, сондай-ақ түзету коэффициенттерінің басымдығы сараптамалық әдіспен айқындалды.

Адами факторды болдырмау және санаттау тәртібін автоматтандыру мақсатында Комитет жүйені математикалық модельдеу (машиналық оқыту) бойынша үлкен жұмыс жүргізді.

Қазіргі уақытта жүйе санаттау үшін қолданылатын критерийлердің маңыздылығын, түзету коэффициенттерінің басымдылығын дербес анықтайды, сондай-ақ, ең бастысы, белгілі бір критерийдің нәтижелілігін бағалайды.

Бұл бізге не берді? Өлшемдерді есептеу тәртібін айқындауда және олар бойынша түзету коэффициенттерін белгілеуде адами факторды барынша алып тастау және нәтижесі ретінде СЭҚ қатысушысының тәуекел деңгейінің санатын, адалдығын неғұрлым дәл айқындау.

2021 жылдың басынан бастап осы тәртіпті іске асыру жоспарлануда, сондай-ақ санаттауды есептеу ай сайынғы негізде жүргізілетін болады.