Жарияланған күні: 23.11.2021 12:12
Өзгертілген күні: 23.11.2021 12:13

«Автомобиль көлігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізілді, оған сәйкес 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап бюджет қаражаты есебінен навигациялық пломбаларды жалға алуды көздейтін норма алынып тасталады.

«Автомобиль көлігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ЕАЭО елдерімен шекарадағы мемлекеттік кірістер органдары ЕАЭО елдері арасында халықаралық жүк тасымалдауды жүзеге асыратын автокөлік құралдарына навигациялық пломбалар ілетінін атап өту қажет.

Навигациялық пломбаларды қолдану ЕАЭО елдерімен өзара саудадағы көлеңкелі тауар айналымын төмендетуге, атап айтқанда, транзитпен мәлімделген тауар Қазақстан Республикасының аумағында салық төлеусіз қалған кезде тауарларды жалған алушылардың атына әкелуді, сондай-ақ жалған транзитті болдырмауға бағытталған.

Мысалы, 2019-2020 жылдары жалған алушылардың атына тауарларды әкелудің 10,9 мың фактісі анықталды немесе әрбір 6 автокөлік импортқа қатысы жоқ тұлғалардың атына жіберілді.

Сондай-ақ, жалған транзиттің 20,9 мың фактісі анықталды, бұл ЕАЭО елдерінің өзара саудасы шеңберіндегі барлық транзиттік орын ауыстырулардың 17% - ын құрайды.

Көрсетілген бұзушылықтар бойынша Қазақстан Республикасы бюджетінің шығындары шамамен 21 млрд.теңгені құрайды, бұдан басқа көрсетілген бұзушылықтар қазақстандық өндірушілер мен жалпы бизнестің тең емес бәсекелестік жағдайларына қояды.

Навигациялық пломбалар автокөлік құралдары мен жүктердің жүру маршрутын нақты уақыт режимінде қадағалауға мүмкіндік береді, бұл сондай-ақ пломбаның бұзылуы, жүру маршрутынан ауытқу және т. б. сияқты штаттан тыс жағдайлар туындаған кезде жедел ден қоюға мүмкіндік береді.

Навигациялық пломбаларды қолдану 2020 жылғы қыркүйектен бастап жалған алушылардың атына тауар әкелуді 53 есеге (2019 жылғы 10,2 мың фактіден ағымдағы жылы 192 фактіге дейін) қысқартуға мүмкіндік берді.

ЕАЭО елдерінен жалған транзиттің үлесі 2019 жылғы 28%-дан ағымдағы жылы 1%-ға дейін қысқарды, бюджетке қосымша түсімдердің 4,6 млрд.теңгесі қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар, 2020-2021 жылдары навигациялық пломбалардың қасақана бұзылуы мен бүлінуінің 63 фактісі анықталды.

Осыған байланысты, Мемлекеттік кірістер комитеті «Автомобиль көлігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес навигациялық пломбалардың сақталуын халықаралық автомобиль жүк тасымалдарын жүзеге асыратын тасымалдаушылар қамтамасыз ететінін еске салады.

Сондай-ақ сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың жауапкершілігін арттыру мақсатында 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ЕАЭО елдері арасындағы халықаралық жүк тасымалдары кезінде навигациялық пломбаларды ілу тасымалдаушылар есебінен жүзеге асырылатын болады.

Бұл ретте, навигациялық пломбаларды ілу барлық жүк автокөлік құралдарына емес, тәуекелдерді басқару жүйесімен айқындалған «тәуекелді» құралдарға ғана жүргізілетініне назар аударамыз.

Осыған ұқсас жұмысты ЕАЭО елдері Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында жүргізуде, оның шеңберінде ЕАЭО барлық аумағы бойынша тауарларды өткізу кезінде навигациялық пломбаларды қолдану жоспарлануда.

Осы мақсатта навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісім жобасы әзірленді.

Бұл келісім ЕАЭО аумағы бойынша жүк тасымалдарын қадағалауға бағытталған, бұл ЕАЭО кеңістігінде тауарлардың қауіпсіз транзитін қамтамасыз етеді, сондай-ақ ЕАЭО бақылаушы органдары тарапынан бақылаудың қосымша нысандары мен шараларын болдырмайды.

Мұның бәрі бизнес үшін шығындарды айтарлықтай азайтады және қосымша әкімшілік кедергілерді алып тастауға ықпал етеді.

Қазіргі уақытта келісім жобасы барлық тараптармен келісілді, ағымдағы жылдың желтоқсан айында оған ЕАЭО мемлекеттерінің басшылары қол қояды деп күтілуде.