Жарияланған күні: 17.05.2022 12:04
Өзгертілген күні: 17.05.2022 12:09

Ағымдағы жылдың сәуір айында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚР Ұлттық Банкімен бірлесіп Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы шеңберінде 2022 жылғы көрсеткіштерді нақтылау туралы шешім қабылдады.

Мәселен, 2022 жылға инфляция дәлізі 4-6%-дан 8-10%-ға дейін ұлғайды, яғни инфляция өсімі 4%-ды құрады.

Осыған байланысты, «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2022 жылғы 12 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес 2022 жылғы 1 сәуірден бастап барлық әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін қолданылатын айлық есептік көрсеткіш 3 063 теңгеден 3 180 теңгеге дейін және ең төменгі күнкөріс деңгейі 36 018 теңгеден 37 389 теңгеге дейін өсті.

Осыны ескере отырып, 2022 жылғы 1 сәуірден бастап зейнетақы төлемдері мен жәрдемақылардың мөлшері қосымша 4%-ға арттырылды.

Жалпы алғанда 2022 жылы зейнетақы төлемдерінің өсуі алдыңғы жылға қарағанда 11%-ды (инфляция деңгейінен 2%-ға оза отырып), базалық зейнетақы төлемі мен жәрдемақылардың өсуі 9%-ды құрады.

Айыппұл санкциялары, салықтар және ҚР заңнамасына сәйкес басқа да төлемдер үшін 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап белгіленген
3 063 теңге мөлшеріндегі айлық есептік көрсеткіш қолданылатын болады.