
Қызметті берушілердің мәртебесін арттыру, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасы бойынша жұмыста клентке бағдарлану негіздерін ынталандыру және нығайту мақсатында мемлекеттік қызметтер көрсететін мемлекеттік органдар мен ұйымдар арасында екінші жыл қатарынан «Үздік сапалы қызмет көрсетуші конкурсы» өткізілуде.
Конкурс клиентке бағдарланған аппарат қағидаттарын қалыптастыруға, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға үлес қосқан көрсетілетін қызметті үздік берушілерді анықтауға және көтермелеуге бағытталған. Байқауға еліміздің әр жерінен 300-ден астам қызмет көрсетуші қатысты, оны комиссия бағалады.
Республикалық комиссияның құрамына Агенттік және мемлекеттік басқару академиясының, қоғамдық ұйымдардың, БАҚ өкілдері және мемлекеттік басқару саласындағы сарапшылар кірді.
Комиссия шешімімен Қостанай қаласы бойынша МКБ қызметкері Жания Дузельбаева 3 жүлделі орынға ие болды.
Байқаудың екі кезеңде өткізілгенін, оның І кезеңінде Дания өңірлік деңгейде бірінші орынды иеленгенін естеріңізге саламыз.
Құттықтаймыз және одан әрі жеңістер тілейміз!